WhatsApp аккаунтын алаяқтардан қалай қорғау керек — ІІМ түсіндірді

WhatsApp аккаунтын алаяқтардан қалай қорғау керек — ІІМ түсіндірді
depositphotos.com

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі WhatsApp аккаунттарына рұқсатсыз қол жеткізу жағдайлары көбейіп отырғанын ескертіп, мессенджердегі жеке деректерді қорғау бойынша кеңес берді, деп хабарлайды ult.kz.

ІІМ мамандары ең алдымен екі сатылы тексеруді (2FA) қосуды ұсынады. Ол үшін WhatsApp-та «Баптаулар» → «Аккаунт» → «Екі сатылы тексеру» → «Қосу» бөлімдеріне өтіп, алты таңбалы PIN-код орнату қажет. Сондай-ақ аккаунтты қалпына келтіруге арналған электрондық пошта мекенжайын қосқан жөн.

PIN-код пен растау кодтарын ешкімге беруге болмайды.

Полиция сонымен қатар WhatsApp-қа қосылған құрылғыларды тұрақты түрде тексеруді ұсынады. Ол үшін мәзірден «Байланыстырылған құрылғылар» бөліміне кіріп, тізімді қарап шығу керек. Егер бейтаныс құрылғы анықталса, оны бірден өшіру қажет.

Аккаунттың бұзылғанын білдіретін негізгі белгілер:

  • белгісіз құрылғылардың аккаунтқа қосылуы;
  • сіздің қатысуыңызсыз хабарламалардың жіберілуі;
  • таныстарыңызға сіздің атыңыздан күмәнді өтініштердің жолдануы;
  • өзіңіз сұратпаған растау кодтарының SMS арқылы келуі;

WhatsApp аккаунтынан өздігінен шығып қалу.

ІІМ азаматтарды күмәнді сілтемелерге өтпеуге және бейтаныс адамдардың нұсқауымен бөгде қосымшаларды орнатпауға шақырды.

Егер аккаунтта рұқсатсыз белсенділік байқалса, барлық белсенді сеанстарды дереу аяқтап, екі сатылы тексеру PIN-кодын өзгерту және байланыстағы адамдарға аккаунттың бұзылуы мүмкін екенін ескерту қажет.

Аккаунт бұзылған жағдайда құқық қорғау органдарына жүгінуге болады.