Ұшақ бортында «бомба», «жарылыс», «террорист», «қару» немесе «басып алу» сияқты сөздерді әзіл ретінде айту рейстің кешігуіне және жауапкершілікке әкелуі мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.
Көлік министрлігінің мәліметінше, күнделікті өмірде жай әңгіме немесе әзіл ретінде қабылданатын мұндай сөздер ұшақ бортында авиациялық қауіпсіздікке төнген қатер ретінде бағалануы мүмкін.
Мысалы, Алматы – Ақтау бағытындағы рейстердің бірінде жолаушы «бомба» деген сөз айтқан. Осыдан кейін авиациялық қауіпсіздік қызметі мен көліктік полиция қызметкерлері шақырылып, ер адам рейстен түсірілген.
Оқиға салдарынан ұшақтың ұшуы екі сағатқа жуық уақытқа кешіктірілген.

Неліктен мұндай сөздерге бірден әрекет жасалады?
Экипаж айтылған сөздің әзіл екенін немесе нақты қауіп туралы ақпарат екенін бірден анықтай алмайды. Сондықтан кез келген ықтимал қатер туралы мәлімдемеге белгіленген қауіпсіздік рәсімдері бойынша әрекет жасалады.
Мұндай жағдайда:
- әуе кемесі мен багаж тексерілуі мүмкін;
- авиациялық қауіпсіздік қызметі мен полиция тартылады;
- қажет болған жағдайда жолаушылар эвакуацияланады;
- әуежайдың жекелеген аймақтарына кіру шектелуі мүмкін;
- рейс кейінге қалдырылып, әуе кемесі немесе экипаж ауыстырылуы ықтимал.
Бұл әуе компаниясы мен әуежайға қосымша шығын келтіріп, басқа жолаушыларға да қолайсыздық туғызады.
Қазақстанда мұндай әрекет үшін жауапкершілік те қарастырылған. ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабына сәйкес терроризм актісін жасауға дайындалып жатқаны туралы көрінеу жалған хабарлама жасағаны үшін айыппұл, түзеу жұмыстары немесе бас бостандығын шектеу түріндегі жаза көзделген.
Көлік министрлігі жолаушыларға ұшақта және әуежайда бомба, жарылғыш зат, қару, терроризм, әуе кемесін басып алу және басқа да қауіп-қатерлерге қатысты сөздерді себепсіз айтпауға, мұндай тақырыпта әзілдемеуге шақырды.
Өйткені мұндай мәлімдеменің әзіл ретінде немесе шын ниетпен айтылғаны маңызды емес. Егер сөз ықтимал қауіптің бар екенін көрсетсе, авиациялық қауіпсіздік қызметкерлері оған тиісті деңгейде әрекет етуге міндетті.