Үш ай бұрын жоғалған павлодарлық азамат Қарағанды облысынан аман табылды

Үш ай бұрын жоғалған павлодарлық азамат Қарағанды облысынан аман табылды
Polisia.kz

Сәуір айынан бері хабар-ошарсыз кеткен Павлодар тұрғыны үш айдан кейін Қарағанды облысынан аман-есен табылды, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz жазуынша, Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, шілде айында полицияға ер адамның анасы жүгініп, ұлының сәуірде үйден шығып кеткенін, содан бері оралмай, байланысқа шықпағанын хабарлаған.

Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер жоғалған азаматтың Қарағанды облысының Саран қаласы маңындағы дала аумағында жүргенін анықтады.

Белгілі болғандай, ер адам табыс табу мақсатында жұмысқа кеткен. Алайда жолда ұялы телефонын жоғалтып алып, жақындарымен байланыса алмаған. Жаңа телефон сатып алуға мүмкіндігі болмағандықтан, оның қайда жүргенінен туыстары бейхабар қалған.

Полицияның мәліметінше, азаматқа қатысты ешқандай қылмыс немесе құқық бұзушылық жасалмаған.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары тұрғындарға тұрғылықты немесе уақытша мекенжайынан ұзақ уақытқа кететін жағдайда бұл туралы міндетті түрде туыстары мен жақындарына алдын ала хабарлауды ескертті.