Адвокат Жохар Өтебеков Алматыдағы Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына қатысты іс бойынша заңнаманың қалай қолданылуы мүмкін екенін түсіндірді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғалары бойынша тараптардың татуласуы күдіктіні немесе сотталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатпайды. Сонымен қатар заңда шартты жаза тағайындауға тікелей тыйым салынбағанымен, сот тәжірибесінде мұндай істер бойынша ол сирек қолданылады.
Адвокаттың сөзінше, аталған бап бойынша жеті жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Алайда айыпталушы кінәсін мойындап, келтірілген шығынды өтесе және ауырлататын мән-жайлар болмаса, соттар көбіне бес жыл шамасындағы жаза тағайындайды.
Өтебеков сондай-ақ тергеу изоляторында өткізілген уақыттың жаза мерзіміне есептелетінін атап өтті. Қолданыстағы тәртіп бойынша бір күн тергеу изоляторында отыру түзету колониясындағы екі күнге теңестіріледі.
Оның түсіндіруінше, сотталған адам жаза мерзімінің төрттен бір бөлігін өтегеннен кейін қалған жазаны неғұрлым жеңіл жаза түріне ауыстыруды сұрай алады. Сондықтан бес жылдық жаза тағайындалған жағдайда белгілі бір құқықтық тетіктер арқылы шамамен бір жыл үш айдан кейін бостандыққа шығу мүмкіндігі туындауы ықтимал.
Еске салайық, 21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында ауыр жол апаты болып, үш адам қаза тапқан еді. Алдын ала мәлімет бойынша, Zeekr көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды.
Кейін бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, апатқа полицияның жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы мүмкін деген болжамдар айтылды. Алайда құқық қорғау органдары бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.
Оқиғадан кейін Ішкі істер министрлігінің шешімімен Алматы полиция департаментінің жол қауіпсіздігіне жауапты бірнеше басшысы қызметінен босатылды.