2026 жылғы сәуір-мамыр айларында Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) тергеген қылмыстық істер аясында терроризм және экстремизмге қатысты қылмыстар жасағаны үшін 13 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.
ҰҚК мәліметінше, сотталғандардың бірі – Астана қаласының тұрғыны әлеуметтік желілерде террористік идеологияны насихаттап, азаматтарды террористік белсенділік аймақтарына баруға үгіттеген. Сот оны 8 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Сондай-ақ Шымкент қаласының тумасы Қазақстан аумағында теократиялық мемлекет құруға шақырып, терроризм идеяларын таратқаны үшін кінәлі деп танылды. Сот шешімімен оған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Бұдан бөлек, аталған кезеңде Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Атырау, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Түркістан және Абай облыстарында экстремистік және террористік сипаттағы қылмыстар жасады деген күдікпен 11 адам ұсталды. Олардың қатарында екі шетел азаматы және шетелден экстрадицияланған үш Қазақстан азаматы бар.
Тергеу деректеріне сәйкес, күдіктілер интернет желісінде және өз ортасында экстремистік материалдарды таратқан. Сонымен қатар олар адамдарды террористік белсенділік аймақтарына баруға және өз көзқарастарымен келіспейтін азаматтарға қарсы зорлық-зомбылық жасауға үндеді деген күдікке ілінген.
Қазіргі уақытта аталған фактілер бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің тиісті баптары негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.
ҰҚК Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпараттың жария етілмейтінін хабарлады.