Әлеуметтік желіде ұлы тарапынан қорлық көргені айтылған қарияның жағдайы қоғамда кеңінен талқыланған болатын. Белгілі болғандай, қарт қазір өзге ұлдарының қолына барып, қауіпсіз жерде тұрып жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Ақсақалдың айтуынша, үйде жүрген кезінде оған қысым көрсетіліп, тіпті түнде әжетханаға шығуына да мүмкіндік берілмеген.
«Маңдайымнан салып қалды. Түнде кіші дәретке барғым келіп, шығайын десем, тағы айқайлайды. “Бармайсың, қайда?” дейді. Сол кезде әжетхананың жанындағы сөреде ине-жіп салатын құты болатын. Ішінде қайшы бар еді. Соны алып қашып кетуге әрекеттендім», – дейді қария.
Қарияның айтуынша, жұбайы өмірден өткеннен кейін туыстары қара шаңыраққа сирек келетін болған. Себебі үйдегілердің суық қабағынан кейін олармен араласу біртіндеп үзілген.
Еске салайық, бұған дейін Атырау облысы Қызылқоға ауданының Сарыөзек ауылында тұратын егде жастағы тұрғынға қатысты зорлық-зомбылық болуы мүмкін деген ақпарат қоғамда үлкен алаңдаушылық тудырған еді.
Жергілікті тұрғындардың сөзінше, ауыл тұрғыны Эділхан Сисенов ұзақ уақыт бойы өз әкесіне күш көрсеткен болуы мүмкін. Қазіргі уақытта қария туған қарындасының, кейіннен немерелерінің қолына барған.
Ауыл тұрғындары қарттың денесінде көгерген іздер барын, жүріп-тұруы қиындағанын және денсаулығының нашарлағанын айтады. Жақындарының мәліметінше, қарияның ақыл-есі дұрыс, алайда ұзақ уақыт көрген қысым оның денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.