Freedom Inside '26

Ұлттық ұланда 10 минутта психологиялық портрет жасайтын E-Nazar жүйесі енгізілуде

Ұлттық ұланда 10 минутта психологиялық портрет жасайтын E-Nazar жүйесі енгізілуде
Ұлттық ұлан

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланында әскери қызметшілерді психологиялық сүйемелдеуге арналған E-Nazar цифрлық жүйесі кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Жаңа платформа психологиялық тестілеу нәтижелерін өңдеу уақытын екі сағаттан 10–15 минутқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды ult.kz.

E-Nazar жүйесі психологиялық тестілеуді өткізу, нәтижелерді автоматты түрде өңдеу және аналитикалық деректерді қалыптастыру үдерістерін бірыңғай цифрлық платформаға біріктіреді.

Жүйе арқылы мерзімді әскери қызметшілер, келісімшарт негізінде қызмет атқаратын әскери қызметкерлер және офицерлер психологиялық тестілеуден өте алады.

Ұлттық ұланның мәліметінше, цифрлық жүйені енгізудің нәтижесінде қағаз құжат айналымы 80 пайызға қысқарған. Сонымен қатар психолог мамандардың жұмыс уақыты шамамен 2 мың сағатқа үнемделіп, тестілеу қорытындыларын шығару бірнеше сағаттың орнына 10–15 минут ішінде жүзеге асады.

E-Nazar жүйесінің негізгі артықшылықтарының бірі – дербес деректердің жоғары деңгейде қорғалуы, ақпаратты жедел өңдеу мүмкіндігі және психологиялық қызмет мамандарының жүктемесін азайту.

Жобаның ерекшелігі – психологиялық әдістемелердің электрондық нұсқаларын Ұлттық ұланның әскери қызметшілері, ефрейтор Ким Хён У мен қатардағы Берікжан Бектұрсынов аға офицерлердің жетекшілігімен әзірлеген. Олар жасаған ақпараттық өнім патенттеліп, оның жаңашылдығы мен практикалық маңызы расталған.

Цифрлық жүйе елордадағы 5573 әскери бөлімінде сынақтан сәтті өтіп, өзінің тиімділігін дәлелдеген. Енді жоба Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының барлық әскери бөлімдерінде психологиялық мониторингтің бірыңғай автоматтандырылған құралы ретінде енгізілмек.

Мамандардың айтуынша, E-Nazar жүйесін іске қосу – Ұлттық ұландағы қызметті цифрландыру және әскери қызметшілерді психологиялық қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бағытындағы маңызды қадамдардың бірі.