Ұлдана Мырзуан ісі: марқұмның күйеуі 20 млн теңгенің қайда жұмсалғанын айтты

Ұлдана Мырзуан ісі: марқұмның күйеуі 20 млн теңгенің қайда жұмсалғанын айтты
Видеодан скриншот

Астанада фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысында оның күйеуі Әділет Зейнелден жауап алу жалғасты. Сотта ол отбасыға Астана әкімдігінен берілген 20 млн теңгенің қалай жұмсалғанын айтып берді. Сондай-ақ жәбірленуші мәртебесінен не себепті бас тартқанын түсіндірді, деп хабарлайды ult.kz.

Әділет Зейнелдің айтуынша, Ұлдананы жерлегеннен кейін, 2025 жылғы 19 қарашада оны марқұмның әпкесі Ақнұрмен бірге Астана әкімдігіне шақырған. Кездесуге қала әкімі, оның орынбасары және мәслихат депутаты қатысқан.

Сотта Әділет отбасыға 20 млн теңге қолма-қол берілгенін айтты. Оның сөзінше, ақшаны алған кезде ешқандай қолхат немесе өзге құжатқа қол қоймаған.

Кейін бұл қаражат бірнеше мақсатқа жұмсалған. Оның ішінде шамамен:

9,2 млн теңге – автокөлік несиесін өтеуге;

4,3 млн теңге – Ұлдананың несие бойынша міндеттемелерін жабуға;

4,5 млн теңге – марқұмның анасына берілген.

Қалған қаржы түрлі шығындарға, соның ішінде қайырымдылыққа жұмсалған.

Сот барысында Әділет Зейнелдің жәбірленуші мәртебесінен бас тартқаны да талқыланды. Судья оның бұл шешімінің себебін сұрады.

Әділет Зейнел қазіргі уақытта жаңа өмір бастағанын, қайта үйленгенін және бұдан былай Ұлдананың мүддесін оның анасы қорғағанын қалайтынын айтты.

— Мен жаңа өмір бастадым, үйлендім. Бұдан әрі Ұлдананың мүддесін оның анасы қорғағанын қалаймын. Өзі де бұған дейін БАҚ-қа берген сұхбатында жәбірленуші мәртебесінен бас тартуымды айтқан болатын, — деді ол.

Судья Әділеттің жәбірленуші мәртебесінен өз еркімен бас тартқанын нақтылады. Ол бұрын бұл мәртебеден бас тартуды жоспарламағанын да растады.

Бұған дейін сотта қорғаушы Асхат Әлімовтің судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдіргені белгілі болған. Алайда қарсылықты қараған судья Самат Сембаев оны қанағаттандырмады. Оның айтуынша, қорғаушы келтірген уәждер судьяның істің нәтижесіне жеке мүдделі екенін дәлелдемейді.

Фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот отырысы жалғасып жатыр. Іс бойынша сотталушы – ПИК төрағасы Сәуле Жұбаниязова.