Украина СІМ басшысы Тоқаевтың мәлімдемесін «дана әрі дер кезінде жасалған» деп бағалады

Украина СІМ басшысы Тоқаевтың мәлімдемесін «дана әрі дер кезінде жасалған» деп бағалады
Ақорда

Украинаның Сыртқы істер министрі Андрей Сибига Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тоқтатып, дипломатиялық келіссөздерге оралу туралы мәлімдемесіне пікір білдірді. Ол бұл туралы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ult.kz.

Сибига Тоқаевтың Омбыда Ресей президенті Владимир Путинмен кездесу кезінде айтқан ұсынысын «реалистік, дер кезінде жасалған және дана мәлімдеме» деп бағалады.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Путинге соғысты тоқтататын уақыт келгенін айтқан үндеуін жоғары бағалаймыз. Бұл – реалистік, дер кезінде жасалған әрі дана мәлімдеме. Украина қазіргі шептерде ұрыс қимылдарын тоқтатып, дипломатиялық жолға көшуді ұсынды, алайда Кремль бейбітшілікке бастайтын бұл жолды әлі де қабылдамай отыр», – деп жазды Украина сыртқы саяси ведомствосының басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыдағы кездесу барысында Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты тоқтатып, «Стамбұл формуласы 2.0» аясындағы келіссөздерге қайта оралуды ұсынған болатын.