18 шілдеге қараған түні Украина Ресейдің бірнеше өңіріне ауқымды дрон шабуылын жасады. Негізгі нысаналардың қатарында Ресейдегі ең ірі маркетплейстердің бірі – Wildberries компаниясының Мәскеу облысы мен Тамбов облысындағы логистикалық орталықтары болды, деп хабарлайды ult.kz.
Тамбов облысындағы Котовск қаласында орналасқан қоймаға жасалған шабуыл салдарынан түнгі ауысымда жұмыс істеп жатқан 7 қызметкер қаза тапты, тағы 25 адам жарақат алды. Олардың көпшілігі ауруханаға жеткізіліп, бірнеше адамның жағдайы ауыр екені хабарланды.
Мәскеу облысындағы Электросталь қаласындағы Wildberries қоймасы да шабуылға ұшырады. Сонымен қатар Ногинск қаласындағы мұнай базасына да дрондар соққы берген. Соңғы мәлімет бойынша, Мәскеу облысында 61 адам зардап шеккен, олардың бірқатары ауыр халде.
Шабуылдан кейін қоймаларда ірі өрт шығып, қою қара түтін ондаған шақырым жерден көрінгені айтылды.
Wildberries не дейді?
Компанияның басшысы Татьяна Ким бұл оқиғаны «компания мен ел үшін ауыр түн» деп бағалап, қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтты.
Компания:
- қаза тапқан қызметкерлердің отбасына 2 миллион рубльден;
- ауыр жараланғандарға 1 миллион рубльден өтемақы төлеуге уәде берді.
Сонымен қатар компания қоймаларда жойылған тауарлар үшін сатушыларға өтемақы төлеу мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұған дейін Wildberries келісімшартына дрон шабуылдары кезінде компанияның жауапкершілігін шектейтін тармақ енгізілген болатын.
Ресей не мәлімдеді?
Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, бір түн ішінде әуе қорғаныс күштері 379 украиналық дронды атып түсірген. Олар Ресейдің 19 өңірі, аннексияланған Қырым, сондай-ақ Азов және Қара теңіздері үстінде жойылғаны хабарланды.
Бұл ақпараттар соғыс жағдайында тараптардың ресми мәлімдемелеріне негізделген. Ұрыс аймақтарындағы оқиғалар туралы деректерді тәуелсіз түрде толық растау әрдайым мүмкін бола бермейді.