Үкіметте еліміздің батыс өңірлерін кешенді дамытудың жоспарлары таныстырылды

Үкіметте еліміздің батыс өңірлерін кешенді дамытудың жоспарлары таныстырылды


Бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров еліміздің батыс өңірлерін кешенді дамытудың жоспарларын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Батыс өңірлерін – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарларының жобалары ұсынылып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспарлары әзірленді, сондай-ақ қолданыстағы Атырау және Маңғыстау облыстарын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарлары өзектендірілді», - деді Қуантыров. 

Оның айтуынша, батыс өңірлерді дамытудың 4 кешенді жоспарын қаржыландырудың жалпы көлемі 15,3 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 1,7 трлн теңге. 

«Министрлік, орталық мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрақты жұмыс орындарын құруға тікелей және жанама мультипликативтік әсерлердің жоғары әлеуеті бар жобаларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізді», - деді министр. 

Атап айтқанда, Ақтөбе облысының кешенді жоспары 92 іс-шарадан тұрады. Жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 1,7 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджет – 343,3 млрд теңге, жергілікті бюджет - 165,6 млрд теңге, жеке инвестициялар - 1,2 трлн теңге. 

Ал Батыс Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары жалпы сомасы 2,6 трлн теңгені құрайтын 116 іс-шараны қамтыды. Оның ішінде республикалық бюджет – 416,1 млрд теңге, жергілікті бюжет – 117,8 млрд теңге, жеке инвестициялар – 2,1 трлн теңге. 

Атырау облысын дамытудың өзектендірілген кешенді жоспары жалпы сомасы 8,9 трлн теңге болатын 185 іс-шарадан тұрады. Оның ішінде республикалық бюджет – 535,8 млрд теңге, жергілікті бюджет – 112,6 млрд теңге, жеке инвестициялар – 8,3 трлн теңге теңге. 

Маңғыстау облысын дамытудың өзектілендірілген кешенді жоспары жалпы қаржыландыру көлемі 2,1 трлн теңгені құрайтын 226 іс-шарадан тұрады. Оның ішінде республикалық бюджет – 375,2 млрд теңге, жергілікті бюджет – 117,9 млрд теңге, жеке инвестициялар - 1,6 трлн теңге.