Үкімет Астананың инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға 16,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлді

Үкімет Астананың инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға 16,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлді
astanazan.kz сайтынан алынды

Үкімет резервінен Астананың инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға 16,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл туралы Үкімет хабарлады, деп жазады ult.kz.

Тиісті қаулыларға Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қол қойған.

Үкіметтің мәліметінше, бөлінген қаражаттың 8,7 млрд теңгесі су бұру инфрақұрылымын салу мен жаңғыртуға бағытталады. Жоба аясында Астананың Есіл ауданындағы қолданыстағы тазарту құрылыстарынан Ақмола облысындағы Қарабидайық көліне дейінгі кәріз коллекторы қайта жаңғыртылады. Сонымен қатар Ұлы Дала, Хусейн бен Талал, Шыңғыс Айтматов көшелері мен Тұран даңғылы бойынан Есіл өзеніне дейін тазартылған ағын суларды ағызатын жаңа коллектор салынады.

Аталған жұмыстардың нәтижесінде 4,5 мың гектар аумақтағы жерүсті және дренаж суларын бұру мүмкіндігі артып, тәулігіне 70 мың текше метрге дейінгі суды тазартатын нысандардың тұрақты жұмысы қамтамасыз етіледі. Бұл елорданың одан әрі дамуына қажетті инженерлік инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ 7,5 млрд теңге Астананың энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Бұл қаражатқа қолданыстағы электр желілеріне қосылатын 110/20 кВт-тық «Қарлығаш» жабық қосалқы стансасы салынып, «Астана-Энергия» АҚ-ның ЖЭО-2-дегі №1 турбоагрегаты жаңғыртылады.

Жаңа қосалқы станса пайдалануға берілгеннен кейін «Есіл» және «Бәйтерек» қосалқы стансаларына түсетін жүктеме азайып, «Нұрлы жол» вокзалы маңы мен Тельман тұрғын алабындағы шамамен 80 мың тұрғын тұрақты электрмен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, қосымша қуат жаңа мектептер, емханалар және басқа да әлеуметтік нысандарды іске қосуға мүмкіндік береді.

Үкіметтің мәліметінше, ЖЭО-2-дегі №1 турбоагрегатты жаңғырту нәтижесінде оның электр қуаты 30 МВт-қа артып, 80 МВт-тан 110 МВт-қа дейін жетеді. Бұл елордадағы электр энергиясына сұраныстың жыл сайын артуына байланысты энергиямен жабдықтау жүйесінің сенімділігін күшейтуге ықпал етеді.

Жалпы, жобаларды іске асыру қарқынды тұрғын үй құрылысы мен халық санының өсуі жағдайында кәріз, жылу және электрмен жабдықтау жүйелерінің тұрақты әрі үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.