Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы Көкпекті ауылында су айдынында қайғылы оқиға болды. 15 жастағы кәмелетке толмаған қыз бала суға батып көз жұмды, деп хабарлайды ult.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, бір топ жасөспірім ересектердің қарауынсыз өзен жағасында болып, тыйым салынғанына қарамастан суға түскен. Осы сәтте қайғылы жағдай орын алған.
Оқиға орнына жеткен құтқарушылар шамамен 4 метр тереңдіктен, жағадан 20 метр қашықтықта қыз баланың денесін тапқан.
Айта кетейік, бұл аумақта шомылуға тыйым салатын белгі 2 маусым күні орнатылған. Сонымен қатар жазғы демалыс алдында мектептерде оқушыларға судағы қауіпсіздік ережелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Мамандар судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтаудың маңызын ескертеді: тыйым салынған жерлерде шомылмау, балаларды қараусыз қалдырмау және ескерту белгілеріне назар аудару қажет.
Мұндай оқиғалардың басым бөлігі дәл осы ережелердің сақталмауынан болатыны жиі айтылады.
Сондай-ақ, Ақмола облысында да бір күн ішінде су айдындарында балаларға қатысты екі оқиға тіркеліп, соның бірінде кәмелетке толмаған бала қаза тапқан еді.