Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов Құрылтай депутаттарының сайлауына жұртты белсенді қатысуға шақырған видеоүндеу жариялады. Алайда оның үндеуі көпшілік күткендей қолдауға емес, сынға ұласты, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі видеода азаматтарды сайлауға барып, өз таңдауларын жасауға шақырған. Алайда сөз арасында «Құрылтай» атауын екі рет «Құрлытай» деп қате айтқаны әлеуметтік желі қолданушыларының назарынан тыс қалмады.
Желіде тараған видеоға пікір білдіргендер оның сөзді дұрыс айтуына мән берсе, енді бірі сайлау алдында халыққа үндеу жасаған азаматтың мұндай қателікке жол бергенін сынға алды.
«Құрылтай» сөзінің дұрыс айтылуына қатысты пікірталас әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Кей қолданушылар Тұрсынбек Қабатовтың айтқанынан бұрын, оның сауатты сөйлеуіне назар аударған.
Айта кетейік, Қазақстанда Құрылтай депутаттарының сайлауы бүгін, 23 тамызда өтіп жатыр. Осыған байланысты қоғамға белгілі тұлғалар азаматтарды дауыс беруге шақырып, өз үндеулерін жариялаған.