Ақтөбе облысында қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне тыйым салынған затты жасырын өткізбек болған азаматтың әрекеті әшкереленді, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №70 мекемесінде жедел бөлім қызметкерлері режим және күзет бөлімінің мамандарымен бірлесіп, тыйым салынған затты мекеме аумағына жеткізу әрекетінің жолын кесті.
Тергеу изоляторындағы азаматқа арналған сәлемдемені тексеру кезінде картоп езбесінің ішіне жасырылған Nokia ұялы телефоны мен SIM-карта анықталып, тәркіленді.
Аталған дерек бойынша тыйым салынған затты өткізбек болған азаматқа қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 481-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жиналған материалдар тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаменті түзеу мекемелерінің аумағына тыйым салынған заттарды өткізудің кез келген әрекеті қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.