Түркістанда мәслихат депутатына қатысты ауыр айып бойынша тергеу басталды

Түркістанда мәслихат депутатына қатысты ауыр айып бойынша тергеу басталды
ашық дереккөз

Түркістан облысында аудандық мәслихат депутатына қатысты қылмыстық сипаттағы шағым бойынша полиция тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Бәйдібек аудандық полиция бөліміне Алматы қаласының тұрғынынан арыз түскен. Арызда Бәйдібек ауданына Қытайдан келген таныстарымен бірге барған 34 жастағы шетелдік әйелге қатысты еркінен тыс жыныстық сипаттағы әрекет жасалғаны көрсетілген. Шағымда бұл іске аудандық мәслихат депутаты Ерғали Аманбаевтың қатысы бары айтылған.

Аталған жағдайға байланысты Түркістан облысы полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады.

«Осы дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғыны анықталып, қамауға алынды», – деп хабарлады полиция өкілдері.

Құқық қорғау органдары қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу нәтижесіне қарай заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.

Полиция Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеу барысына қатысты өзге ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.

Айта кетейік, Ерғали Аманбаев бұған дейін де қоғам назарында болған. 2025 жылы Шымкент қаласында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзғаны үшін сот шешімімен бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылған.