Түркияда қаза тапқан қазақстандықтың ісі: ұйымдастырушы анықталды

Түркияда қаза тапқан қазақстандықтың ісі: ұйымдастырушы анықталды
Polisia.kz

Қазақстан, Түркия және Грузияның құқық қорғау органдары трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатуға бағытталған ауқымды халықаралық арнайы операция жүргізді. , деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, арнайы операция Қазақстан Ішкі істер министрі бастаған делегациялардың Грузия, Түркия және Әзербайжанға жұмыс сапарларынан кейін құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықтың күшеюі нәтижесінде жүзеге асқан.

Еске салсақ, өткен жылы Ыстамбұлда Қазақстан азаматы Исмаилов қарудан атылған оқтан көз жұмған болатын. Үш елдің полициясы жүргізген бірлескен тергеу барысында аталған қылмысқа қатысы бар екі күдікті ұсталып, кейін кісі өлтіруді ұйымдастырушы мен тапсырыс беруші анықталған. Олар трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері әрі халықаралық іздеуде жүрген.

ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыстың айтуынша, Қазақстан, Түркия және Грузия аумағында қылмыстық топ мүшелерін ұстау бойынша кезең-кезеңімен арнайы операция өткізілген.

«Алматы қаласында аталған қылмыстық құрылымның бірнеше мүшесі ұсталды. Олар қару қолданылған бірнеше шабуылға қатысы бар деген күдікке ілінді», – деді ол.

Тергеу барысында алынған деректер осы топтың Қазақстан аумағында жасаған өзге де ауыр қылмыстарын ашуға мүмкіндік берген. Атап айтқанда, Алматыда 2025 жылғы тамызда қала тұрғынын өлтіруге оқталған киллерлердің бірі ұсталып, одан қылмыс құралы болған тапанша тәркіленген. Бұл іс бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталып, материалдар сотқа жолданды.

ІІМ мәліметінше, қылмыстық топ диаспора өкілдерінің бизнесіне ықпал ету үшін қылмыстық идеология элементтерін пайдаланған. Сонымен қатар Грузия аумағында да осы трансұлттық қылмыстық құрылыммен байланысы бар, бірнеше ауыр қылмысқа қатысы бар күдіктілер қолға түскен.

Қазір барлық қылмыстық фактілер бойынша дәлелдемелер жиналып, іске қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды анықтау жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ топтың ұйымдастырушысын қолданыстағы заңнамаға сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары жүргізіліп жатыр.

ІІМ мәліметінше, арнайы операция нәтижесінде шетелден басқарылған қылмыстық ықпал ету арналарының жолы кесіліп, елімізде өзге де ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік туған.

Айта кетейік, бұған дейін Түркияда 18 жастағы Қазақстан азаматының қаза тапқаны хабарланған болатын.