Жазғы туристік маусымның басталуына байланысты Алакөл жағалауында туристік полицияның жұмысы күшейтілді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және демалушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында тәртіп сақшылары күн сайын күшейтілген режимде қызмет атқаруда, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz жазуынша, полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар барысында демалушыларға судағы және қоғамдық орындардағы қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамаларды таратып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар азаматтарға құқықтық кеңес беріліп, қажетті жағдайда жедел көмек көрсетіледі.
Шетелдік туристермен жұмысқа да ерекше назар аударылған. Онлайн-аудармашының көмегімен полиция қызметкерлері ағылшын тілінде еркін байланыс орнатып, қажетті ақпарат ұсынып, олардың сұрақтарына жауап береді.
Шетелден келген демалушылардың бірі Қазақстанда өзін қауіпсіз сезінетінін айтып, туристік полицияның жұмысына жоғары баға берді.
– Мұнда демалу өте жайлы. Полиция қызметкерлері әрдайым көмектесуге дайын, қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп жүр. Өзімізді сенімді сезінеміз, – деді шетелдік турист.
Туристік полиция қызметкерлері жазғы маусым бойы Алакөлге келген қонақтардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.