Алматы облысындағы Түрген шатқалында болған су тасқынынан кейін демалыс аймақтарынан 58 адам, оның ішінде 21 бала мен 8 шетел азаматы қауіпсіз жерге көшірілді, деп хабарлайды ult.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, нөсер жауынның салдарынан Түрген өзенінің деңгейі күрт көтеріліп, Түрген – Асы автожолының бірқатар учаскесін су шайып кеткен.
Су басқан аумақта 17 киіз үй орналасқан. Сонымен қатар «Водник» бау-бақша серіктестігіндегі төрт ауланы су басқан.
Қауіпсіздік мақсатында құтқарушылар 58 адамды эвакуациялаған. Олардың қатарында 21 бала және 8 шетел азаматы бар. Эвакуацияланған азаматтарды тасымалдау үшін ТЖМ-нің вахталық көлігі ұйымдастырылған. Ведомствоның мәліметінше, зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі уақытта оқиға орнында құтқарушылар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Мамандар сел қаупіне тұрақты мониторинг жүргізіп, апат салдарын жою жұмыстарын жалғастыруда.
Төтенше жағдайдың салдарын жоюға ТЖМ, жергілікті атқарушы органдар және өзге де қызметтердің 300-ге жуық маманы мен 44 техникасы жұмылдырылған.
Еске салайық, бұған дейін Еңбекшіқазақ ауданы әкімдігі Түрген – Асы автожолының 25-шақырымындағы жол бөлігін су басқанын хабарлаған болатын. Осыған байланысты туристік нысандарда демалып жүрген азаматтарды эвакуациялау жұмыстары ұйымдастырылды.