Торғай өңірінде дүниеге келіп, кейін шетелдік отбасы асырап алған Жәнібекке қатысты жаңа дерек пайда болды, деп хабарлайды ult.kz.
Kznews.kz жазуынша, Жәнібек әлеуметтік желідегі парақшасында биологиялық анасын іздеу жұмыстарының жалғасып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бұл іспен ресми адвокат айналысып жатқандықтан, іздеу барысы туралы толық ақпарат бере алмайды.
"Қазір анамды іздеу туралы көп нәрсе айта алмаймын. Өйткені бұл іспен ресми адвокат айналысып жатыр. Бірақ іздеуді Америкада жалғастыруымыз мүмкін сияқты", – деп жазды ол.
Сонымен қатар Жәнібек өзі туған перзентханада басқа сәбимен шатастырылып кетуі мүмкін деген болжамын айтты.
"Мүмкін, мені туған перзентханада америкалық отбасы асырап алған басқа бір сәбимен шатастырып жіберген шығар. Бұл туралы келесі жазбаларымда толығырақ айтамын", – деді ол.
Бұған дейін Қазақ радиосы Жәнібектің биологиялық анасы болуы мүмкін әйел туралы хат келгенін хабарлаған еді. Хатта көрсетілген кейбір деректер Жәнібектің туған уақыты мен өмірбаянына сәйкес келетіні айтылған.
Хат авторының сөзінше, Моңғолиядан Арқалық қаласына оқуға келген әйел 2002 жылы ұл бала дүниеге әкелген. Алайда студент болғандықтан және қалада жақын туыстары болмағандықтан, сәбиді перзентханада қалдыруға мәжбүр болған.
"Менің туған қайын әпкем 2002 жылы Моңғолиядан Арқалыққа оқуға келген. Сол кезде оның аяғы ауыр болған. Бұл жағдайды ол елде қалған ата-анасына да айтпаған. Кейін Арқалықта ұл бала дүниеге әкеліп, жағдайына байланысты перзентханаға қалдырған. Өз еркімен бас тартатыны туралы қолхат жазып берген", – делінген хатта.
Сондай-ақ әйел қазір баласының тағдырын білгісі келетіні және Жәнібекті көрген сайын өзіне ұқсататыны айтылған.
"Ол Жәнібекті әлеуметтік желіден немесе теледидардан көргенде өзіне қатты ұқсатады. Кейде “Жәнібек менің балам ба?” деп ойлайды. Осыған байланысты ДНҚ сараптамасын тапсырғысы келеді", – деп жазылған хабарламада.