Қазақстанда электрсамокат жүргізушілеріне қатысты жаңа талап енгізілді. 25 тамыздан бастап тротуармен жүрген азаматтарға 2 айлық есептік көрсеткіш (8650 теңге) көлемінде айыппұл салынады, деп хабарлайды ult.kz.
Жаңа өзгеріс 24 маусымда қабылданған заң аясында енгізілді. Бұған дейін электрсамокат жүргізушілері велосипед жолы болмаған жағдайда жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмей, сағатына 6 шақырымнан аспайтын жылдамдықпен тротуармен жүруге құқылы болатын. Енді бұл норма заңнан алынып тасталды.
Жаңа талапқа сәйкес, электрсамокат жүргізушілері алдымен велосипед жолымен немесе велосипед жолағымен қозғалуы тиіс. Ондай мүмкіндік болмаған жағдайда жолдың оң жақ жиегімен немесе жол жиегімен жүруге міндетті.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615-бабына сәйкес, жол қозғалысы ережесін алғаш рет бұзған электрсамокат жүргізушілеріне 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл жаза енді тротуар мен жаяу жүргіншілер жолында заңсыз жүргендерге де қолданылады.
Электрсамокаттар мемлекеттік тіркеуге жатпайтындықтан, құқық бұзушылықты тіркеу үшін полиция қызметкерлері жүргізушіні оқиға орнында тоқтатуы қажет.
Сонымен қатар, 1 шілдеден бастап жалға берілетін (кикшеринг) электрсамокаттарға жаңа талаптар енгізіледі. Олардың техникалық байқаудан өтуі, міндетті сақтандыру рәсімдеуі, пайдаланушының жүргізуші куәлігінің болуы және мемлекеттік тіркеуден өтіп, нөмірлік белгі алуы міндеттеледі. Бұл талаптар жеке меншік самокаттарға қолданылмайды.
Егер электрсамокат жүргізушісі полицияның тоқтау туралы заңды талабын орындамаса, ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 613-бабы бойынша жауапқа тартылады. Мұндай жағдайда құқық бұзушы үш тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынуы мүмкін. Сонымен қатар самокат арнайы айып тұрағына қойылады.
Жаңа талаптардың басты мақсаты – жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысы мәдениетін арттыру.