АҚШ президенті Дональд Трамп Иранды түпкілікті жеңгеннен кейін Ормуз бұғазын АҚШ аумағы деп жариялайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Трамптың айтуынша, Иран қазір ауыр жеңіліске ұшырап жатыр, ал америкалық әскери-теңіз күштері бұғаздағы кеме қатынасын бақылауда ұстап отыр.
«Иранды түпкілікті жеңгеннен кейін, көп ұзамай Ормуз бұғазын АҚШ аумағы деп жариялаймын», – деді Трамп.
Ол тіпті бұғаз іс жүзінде АҚШ-қа тиесілі екенін айтып, «біз қаламасақ, бірде-бір кеме ол жерден өте алмайды» деді.
Бұған Иран тарапы бірден жауап қатты.
Иран Сыртқы істер министрінің орынбасары Казем Гарибабади X желісінде:
«Ормуз бұғазын твитпен де, авианосецпен де, бұйрықпен де, сайлау алдындағы сөзбен де басып ала алмайсың. Иран қауіптен қорықпайды. Ормуз бұғазы бұрын да ирандық болды, қазір де ирандық және болашақта да ирандық болып қалады», – деп жазды.
Ол Вашингтонды «шындықты қабылдауға» және «стратегиялық әрі ауыр жеңіліске ұшырағанын мойындауға» шақырды.
Ал Иран СІМ-нің ресми өкілі Исмаил Багаи АҚШ-тың сыртқы саясатын сынай отырып, Федор Достоевскийдің «Ағайынды Карамазовтар» романынан үзінді келтірді:
«Өзіне-өзі өтірік айтып, өзінің өтірігіне өзі сенген адам ақырында өз бойынан да, айналасынан да шындықты ажырата алмайтын жағдайға жетеді».
Осылайша Ормуз бұғазы үшін АҚШ пен Иран арасындағы тек әскери емес, саяси және риторикалық текетірес те күшейіп отыр.