Қызылорда облысында «Торғай Петролеум» АҚ-ның 416,6 млн теңгесін жымқыру ісі бойынша сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.
Қызылорда облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметінше, компанияның механикалық бөлімінің бұрынғы басшысы «Б» және «MANSUR-INVEST group» ЖШС мен «KazPromStroy LTD» ЖШС басшысы С.Ш. алдын ала сөз байласқан.
Тергеу дерегіне сәйкес, 2019-2020 жылдары компанияда іс жүзінде орындалған жұмыстар мен бұрыннан бар тауарларды жеке компаниялардан сатып алу қажет деген мазмұнда қызметтік хаттар рәсімделген. Соның негізінде іс жүзінде жеткізілмеген тауарлар, орындалмаған жұмыстар мен көрсетілмеген қызметтер үшін алты келісімшарт жасалып, екі компанияның шотына 416 млн 696 мың 896 теңге аударылған.
Сот материалдарында бұл қаражаттың кейін қолма-қол шешіліп, қылмысқа қатысушылар арасында бөлінгені көрсетілген.
Сот «Б»-ны Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, бастапқыда 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Рақымшылық туралы заңға сәйкес жаза мерзімі 5 жыл 7 ай 6 күнге қысқартылып, ҚК-нің 63-бабы негізінде шартты жаза ретінде белгіленді. Оған пробациялық бақылау тағайындалды.
Ал С.Ш. ҚК-нің 216-бабы 3-бөлігі, 28-бабы 5-бөлігі және 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы бойынша кінәлі деп танылды. Оған да 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, рақымшылықпен 5 жыл 7 ай 6 күнге қысқартылды. Жаза шартты деп танылып, пробациялық бақылау белгіленді.
Сонымен бірге С.Ш. материалдық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырылды.