Тоқаев жазушыларды қала тақырыбында көбірек шығарма жазуға шақырды

Тоқаев жазушыларды қала тақырыбында көбірек шығарма жазуға шақырды
ашық дереккөз

Қазақстан Президенті Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде жазушыларды қала тақырыбына арналған шығармаларды көбейтуге шақырды, деп хабарлайды ult.kz.

Мемлекет басшысы қазіргі заманда урбанизация үдерісі қарқын алып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанда ауыл тақырыбы кеңінен қозғалғанымен, қала өркениетін дәріптеуге де мән беру қажет.

«Біз ауыл туралы көп айтамыз. «Ауыл – халқымыздың алтын бесігі» деп әрбір жиында айтып жүреміз. Расында, бұл – дұрыс. Бірақ қазіргі заманда бұл сөзді қайта-қайта айта берудің қажеті бар ма?», – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев қалада тұратын жастарды «асфальт қазағы» немесе «шала қазақ» деп ауыл жастарына қарсы қою дұрыс емес екенін айтты.

«Біртұтас халқымызды екіге бөлуді доғаруымыз керек. Мұндай әрекетті жасаудың ешқандай қажеті де, оған ешкімнің хақы да жоқ», – деді ол.

Президент қазіргі таңда қалада тұратын жастардың арасында қазақ мектептерінде білім алып, қазақ тілін меңгеріп жатқан азаматтар көп екенін атап өтті.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Мәдениет және ақпарат министрлігіне жазушылар арасында қала тақырыбына арналған әдеби байқаулар өткізуді тапсырғанын айтты.

«Бұл халқымызға, әсіресе, жастарымызға керек дүние болмақ», – деді Президент.