Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарына қаржылай сыйақы сертификаттарын табыстады

Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарына қаржылай сыйақы сертификаттарын табыстады
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада халықаралық пән олимпиадаларында жеңімпаз атанып, жүлделі орындарға ие болған оқушылар және студенттермен кездесті, деп хабарлайды ult.kz.

Салтанатты шараға 21 лауреат, сондай-ақ олардың ұстаздары мен тәлімгерлері қатысты. Олардың ішінде 6 оқушы мен студент алтын, 11-і күміс, 4-еуі қола медаль иеленген.

Президент дарынды жастарды жетістіктерімен құттықтап, олардың Қазақстанның абыройын халықаралық деңгейде көтеріп жүргенін атап өтті.

«Қазақстанның жарқын болашағы – ойы ұшқыр, білімді, дарынды жастардың қолында. Сіздер ел мақтанышы деген атқа лайықсыздар!» – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы биыл қазақстандық оқушылардың 44 халықаралық олимпиада мен ғылыми сайысқа қатысып, мыңнан астам медаль жеңіп алғанын айтты. Оның ішінде 200-ден астамы – алтын медаль.

Президент әсіресе халықаралық физика олимпиадасындағы нәтижеге тоқталды. Байқауға қатысқан Қазақстанның бес оқушысының барлығы алтын медаль иеленген. Мемлекет басшысы мұны бұрын-соңды болмаған бірегей жетістік деп бағалады.

Олимпиада жүлдегерлеріне қанша сыйақы беріледі?

Салтанатты шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олимпиадаларында жүлде алған оқушылар мен студенттерге қаржылай сыйақысы бар сертификаттар табыстады.

Сыйақы мөлшері:

  • Алтын медаль – 1500 АЕК;
  • Күміс медаль – 1000 АЕК;
  • Қола медаль – 500 АЕК.

Президент сонымен қатар жас дарындарды дайындаған ұстаздарға алғыс білдіріп, олардың еңбегі мемлекет тарапынан ескерілетінін айтты.

Тоқаев Қазақстанда дарынды жастарға қолдау көрсетіле беретінін атап өтті. Оның айтуынша, білім мен ғылым, инновация және озық технологиялар жаһандық бәсекеде елдің алға жылжуы үшін маңызды.

«Білім мен ғылым, инновация мен озық технология – бүгінгі дәуірдің басты қаруы. Жаһандық бәсекеде білімді, зияткер елдер ғана алға шығады. Сондықтан мен сіздерді «Қазіргі заманның нағыз батырлары» деп санаймын», – деді Президент.