Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы күндері Үндістан мен Корея Республикасына сапар жасайды, деп хабарлайды ult.kz.
Ақорданың мәліметінше, 12–13 қыркүйекте Мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің шақыруымен БРИКС XVIII саммитіне қатысу үшін Нью-Делиге жұмыс сапарымен барады.
Президент «Орнықтылықты, инновацияны, ынтымақтастық пен тұрақтылықты нығайту» тақырыбындағы «БРИКС+» форматындағы пленарлық отырыста сөз сөйлейді. Сондай-ақ Нарендра Модимен келіссөз жүргізіп, бірқатар мемлекет және үкімет басшыларымен кездеседі.
14–16 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барады. Сапар Президент Ли Чжэ Мёңнің шақыруымен өтеді.
15 қыркүйекте Сеулде жоғары деңгейдегі келіссөздер ұйымдастырылып, Қазақстан мен Корея арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті нығайту мәселелері талқыланады. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Кореяның ірі компанияларының жетекшілерімен кездеседі.
16 қыркүйекте Тоқаев «Орталық Азия – Корея Республикасы» бірінші саммитіне қатысады.