Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысып, Ұйым аясындағы ынтымақтастықты дамытуға қатысты бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекет басшысы жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровқа және қырғыз халқына алғыс білдірді. Сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстанның тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтады.
Тоқаевтың айтуынша, ширек ғасыр ішінде ШЫҰ «Шанхай бестігінен» Еуразияның басым бөлігін қамтитын, әлем халқының жартысына жуығын біріктіретін ірі халықаралық ұйымға айналды.
Президент қазіргі геосаяси жағдайда Ұйымның маңызы арта түскенін атап өтті.
«ШЫҰ әскери-саяси блок логикасынан тыс әрекет етеді әрі оның қызметі қандай да бір мемлекетке қарсы бағытталмаған. Ұйым мүлдем басқа саяси философияға, яғни түпкі өзегінде прогресс жолындағы ортақ бастамалар идеясы жатқан “Шанхай рухына” сүйенеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан қандай ұсыныстар жасады?
Мемлекет басшысы ШЫҰ аясындағы негізгі басымдықтарға тоқталып, бірқатар бастама ұсынды.
Қауіпсіздік саласында Еуразиядағы стратегиялық тұрақтылық пен сенім шараларына арналған министрлер деңгейіндегі ШЫҰ конференциясын өткізуді ұсынды. Онда әскери тәуекелдерді азайту, қарулану жарысын тежеу және қауіпті оқиғалардың алдын алу мәселелері талқылануы мүмкін.
Экономика саласында ШЫҰ елдерінің өзара сауда айналымы бір триллион долларға жақындағанын атап өтті. Президент сауда-инвестициялық кеңістікті кеңейтіп, индустриялық консорциумдар тетігін енгізуді ұсынды.
Сонымен қатар қазіргі шекара маңындағы ынтымақтастық орталықтарының базасында ШЫҰ трансшекаралық сауда аймақтарын құруды ұсынды.
Тоқаев ШЫҰ Даму банкін құру туралы Қытай бастамасын қолдайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл қаржы институтының қаражатын инфрақұрылымдық, технологиялық және өнеркәсіптік жобаларға бағыттау қажет. Қазақстан банк штаб-пәтерін өз аумағында орналастыруға дайын екенін білдірді.
Көлік-логистика саласында Қазақстан «Бір белдеу, бір жол» жобасын Транскаспий халықаралық көлік бағдары және Солтүстік–Оңтүстік дәлізімен байланыстыруға мән беретінін айтты. Сондай-ақ ШЫҰ-ның Бірыңғай транзит цифрлық платформасын құруды және 2035 жылға дейінгі Көлік байланысы стратегиясын әзірлеуді ұсынды.
Жасанды интеллект саласында ШЫҰ аясында Жасанды интеллект орталықтарының желісін құру бастамасы көтерілді. Оған ұйымға мүше елдердің жетекші университеттері, ғылыми мекемелері мен технологиялық компаниялары қатысуы мүмкін.
Сөз соңында Президент ШЫҰ-ны реформалау мәселесі әлі де өзекті екенін айтып, бұл бағыттағы жұмысты сыртқы саясат ведомстволарына жүктеуді ұсынды.
«Қазақстан ШЫҰ аясындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа әрі сапалы деңгейге көтеруге барынша күш салуға дайын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.