Жалған бұқалармен 158 млн теңге: Ақтөбелік әйел мемлекеттен субсидия алған

Жалған бұқалармен 158 млн теңге: Ақтөбелік әйел мемлекеттен субсидия алған
Субсидия алушылардың жауапкершіліктері болмай тұр – Ербол Қарашөкеев

Ақтөбе облысының тұрғыны асыл тұқымды бұқалар өсіріп жатырмын деп, мемлекеттен 158 млн теңге субсидияны заңсыз алған, деп хабарлайды ult.kz.

Іс материалдарына сәйкес, 40 жастағы әйел бес ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін іс жүзінде өзі басқарған. Алайда құжаттарда олардың басшылары ретінде басқа адамдар көрсетілген.

Ол ветеринар маманнан асыл тұқымды емес бұқаларды арнайы базаға тіркеуді сұраған. Ветеринар әйелдің сөзіне сеніп, малды базаға енгізген. Осыдан кейін сотталған әйел жалған мәліметтер негізінде субсидия алуға өтінім беріп, мемлекеттен 158 млн теңге алған.

Заң бұзушылықты мемлекеттік аудит анықтаған. Әйел кінәсін мойындап, сот үкімі шыққанға дейін мемлекетке 15 млн теңгені қайтарған.

Сот оны кінәлі деп танып, 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды. Алайда үш кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде үш жастағы баласы бар екені ескеріліп, жазаны өтеу кейінге қалдырылды.

Сонымен қатар сотталған әйелге мемлекетке келтірілген залалды толық өтеу міндеттелді.