ШЫҰ-ның мерейтойлық саммиті аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин кездесті, деп хабарлайды ult.kz.
Кездесуде тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы достық, тату көршілік және одақтастық қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевты Құрылтай сайлауының табысты өтуімен құттықтады. Ресей Президентінің пікірінше, дауыс беру нәтижелері Тоқаевтың Қазақстанды одан әрі дамытуға, ішкі тұрақтылықты нығайтуға, экономиканы ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған саясатының қолдау тапқанын көрсетеді.
Тоқаев өз кезегінде құттықтауы үшін Путинге алғыс айтып, Қазақстандағы конституциялық реформа аясындағы жұмыстарға тоқталды.
«Қазақстанды жаңғырту үдерісі ұлттық мүддемізге сай жалғаса береді. Аты бар, заты жоқ реформалар жүргізуге мүлдем болмайды. Ең алдымен, халқымыздың келешегін ойлауымыз қажет», – деді Президент.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Ресейдің Қазақстанның басты инвестициялық және сауда серіктестерінің бірі болып қала беретінін айтты. Оның сөзінше, екі ел арасындағы сауда-саттық көлемінде өсім байқалады, ал Үкімет бұған дейін қол қойылған келісімдерді іске асыруға кіріскен.
Владимир Путин де екіжақты байланыстардың барлық бағытта қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Ол өткен жылы елдер арасындағы тауар айналымы жақсы көрсеткішке жеткенін, биыл да өсім бар екенін айтты.
Ресей Президенті гуманитарлық байланыстардың жандана түскенін де атап өтті. Оның мәліметінше, қазір 60 мың қазақстандық студент Ресейдің жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Сонымен қатар Омбыда Қазақстанның жоғары оқу орнының филиалы ашылған.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту, бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.