Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Гонконгта өткен семсерлесуден әлем чемпионатында тарихи жеңіске жеткен Қазақстан ерлер құрамасын құттықтады, деп хабарлайды ult.kz.
Мемлекет басшысы өз құттықтауында бұл жеңістің ел спорты үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті.
Президенттің айтуынша, Қазақстан құрамасының әлем чемпионатындағы тұңғыш алтын медалі – спортшылардың жоғары шеберлігінің, болаттай берік мінезінің және мықты командалық рухының айқын дәлелі.
Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаз спортшылар мен жаттықтырушылар құрамына Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы беделін арттыруға қосқан үлесі үшін шынайы алғысын білдірді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы ұлттық құрамаға алдағы жарыстарда да толайым табыс пен жаңа жеңістер тіледі.
Айта кетейік, Гонконгта өтіп жатқан ересектер арасындағы семсерлесуден әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихта алғаш рет әлем чемпионы атанды.
Финалда жерлестеріміз Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Кирилл Проходов және Вадим Шарлаимов Украина құрамасын 45:40 есебімен жеңіп, Қазақстанға семсерлесу тарихындағы алғашқы алтын медальді сыйлады.
Қазіргі таңда әлем чемпионы атанған Қазақстанның ерлер құрамасы әлем рейтингінде 5-орында тұр.