Мемлекет басшысы: Құрылтай елдің саяси жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңін бастайды

Мемлекет басшысы: Құрылтай елдің саяси жүйесін жаңғыртудың жаңа кезеңін бастайды
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың алғашқы сессиясының ашылуына қатысты. Президент бұл күнді Қазақстанның даму жолындағы тарихи кезең деп атады, деп хабарлайды ult.kz.

Тоқаевтың айтуынша, жалпыұлттық референдумда халық қолдаған жаңа Конституцияға сәйкес, еліміздің бір палаталы заң шығарушы органы — Құрылтай ресми түрде жұмысын бастады.

«Біз ұлт жылнамасының жаңа парағын ашып отырмыз. Бұл – мемлекетіміздің саяси жүйесінің жаңару үдерісі дәл осы күннен бастау алады деген сөз», — деді Президент.

Мемлекет басшысы Құрылтайдың билік жүйесін жаңғыртып, мемлекеттік аппараттың жұмысына жаңа серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ оның ұлттық заңнаманың сапасын арттыру арқылы елдің құқықтық негізін нығайтуға ықпал ететінін айтты.

Құрылтай сайлауына азаматтардың 74 пайыздан астамы қатысты

Президенттің сөзінше, Құрылтай сайлауына азаматтардың 74 пайыздан астамы қатысып, дауыс берген.

Сайлауға шетелдік бақылаушылардың да қызығушылығы жоғары болған. Қазақстанға халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттерден 800-ге жуық байқаушы келген. Тоқаев бұл көрсеткішті ұлттық парламентаризм тарихындағы ең жоғары нәтиже деп атады.

Президент сайлаудың ашық әрі әділ өткенін айтып, қоғамның саясатқа және қоғамдық жұмыстарға қызығушылығы артқанын атап өтті.

«Қазіргі заман құр уәденің, жалған сөз бен жалаң ұранның уақыты емес. Біздің қоғам кемелдене бастады», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Әділет» партиясы Құрылтайда конституциялық көпшілікке ие болды

Мемлекет басшысы Құрылтай сайлауы Қазақстандағы саяси алуандықтың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсеткенін айтты.

Оның сөзінше, сайлауға қатысқан партиялар өз бағдарламаларын халыққа таныстырып, арасында ашық бәсеке болған.

Сайлау қорытындысы бойынша «Әділет» партиясы басым дауыспен жеңіске жетіп, Құрылтайда конституциялық көпшілікке ие болды.

«Сондықтан «Әділет» партиясына қойылатын талап та, артылатын үміт те, сенім де аса жоғары. Осы орайда қоғамды ортақ мүддеге ұйыстырып, реформалардың қозғаушы күші болу өте маңызды», — деді Президент.

Тоқаев партиялар сайлаушылармен жұмысты жалғастырып, өз бағдарламаларындағы тиімді ұсыныстарды жүзеге асыруға атсалысуы керектігін айтты.

Президент депутаттарға үндеу жасады

Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайдың алғашқы құрамына ерекше жауапкершілік жүктелетінін атап өтті.

«Депутаттар халықтың аманатына адал болып, мемлекет мүддесіне қызмет етуі керек. Бұл – анық ақиқат. Мұны ешқашан естен шығармау қажет», — деді Мемлекет басшысы.

Президент жаңа Конституцияның қабылдануын Қазақстан тарихындағы маңызды бетбұрыс деп бағалады. Оның айтуынша, конституциялық реформа нәтижесінде жаңа саяси-құқықтық жүйенің негізі қаланып, азаматтардың ел басқару ісіне қатысуына нақты мүмкіндік берілді.