Т.Әбдірашев атындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі 91-ші концерт маусымын Густав Малердің №2 до минор «Қайта тірілу» симфониясымен ашты, деп хабарлайды ult.kz.
Оркестрмен бірге Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы өнер көрсетті. Оркестрге оның көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Қанат Омаров жетекшілік етті.
«Қайта тірілу» – әлемдік симфониялық классиканың ең көлемді әрі күрделі туындыларының бірі. Бес бөлімнен тұратын шығармада оркестр, хор мен солистер үндесіп, өмір, үміт пен рухани жаңғыру тақырыптары қозғалады.
Хор партиялары капелланың көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Бейімбет Демеуовтің жетекшілігімен дайындалды.
Айта кетейік, кеше Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының 93-театр маусымы «Ақбала» ұлттық балетінің премьерасымен ашқан болатын. Онда Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» роман-эпопеясы алғаш рет балет тілімен сахналанды.