Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында 93-театр маусымы ашылды. Жаңа маусымның алғашқы қойылымы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» роман-эпопеясының желісі бойынша сахналанған «АҚБАЛА» ұлттық балетінің премьерасы болды, деп хабарлайды ult.kz.
Қойылым алғаш рет қазақ әдебиетінің әйгілі шығармаларының бірін балет тілі арқылы жаңаша ұсынды. Үштаған романның күрделі оқиғасы мен кейіпкерлер тағдыры бұл жолы сөзбен емес, хореография, музыка, пластика және сахналық бейнелер арқылы жеткізілді.
Спектакльдің негізгі желісінде Ақбаланың тағдыры, оның махаббаты, ана ретіндегі болмысы, үміті мен жоғалтулары көрініс табады. Кейіпкердің ішкі жан дүниесі мен уақыт алдындағы арпалысы би арқылы ашылған.
«Ақбала» балетінің шығармашылық тобын композитор Аружан Октябрь, хореограф-қоюшы Аршак Галумян, либретто авторы Шынар Омарова, дирижер-қоюшы Нұржан Байбосынов, сценограф Элеонора Перонетти, костюм суретшісі Азиза Саимова және басқа да мамандар құрады.

Композитор Аружан Октябрь балет музыкасын жазбас бұрын «Қан мен тер» трилогиясын толық оқып, Ақбаланың күрделі образын терең түсінуге тырысқан. Оның айтуынша, кейіпкердің ішкі өзгерісі музыкадағы лейтмотив арқылы да көрініс тапқан.
«Жас маман болғандықтан, үнемі ізденіс үстінде жүрмін. Абай атындағы опера және балет театрында жұмыс істеу менің үлкен арманым еді. Қуанышыма орай, театр менің композитор ретіндегі ұсынысымды қабыл алып, «Ақбала» балетін жазуға мүмкіндік берді.
Балетке кіріспес бұрын «Қан мен тер» трилогиясын толық оқып шықтым. Шығармамен танысқаннан кейін ішімде белгілі бір конфликт пайда болды. Себебі Ақбаланың образы өте күрделі. Оны оқығанда бірден «жақсы кейіпкер» немесе «жаман кейіпкер» деп бағалай алмайсың. Сондықтан музыка жазуға кіріспес бұрын бірнеше күн бойы Ақбаланың болмысын түсінуге тырыстым. Оның ішкі жан дүниесіне үңіліп, басынан өткерген қиындықтарын сезінуге тырыстым. Ақбала өз тағдырын толықтай өз еркімен таңдап, құра алған жоқ.
Оның характерін түсініп, образын ашқаннан кейін әр кейіпкердің лейтмотивтерін іздеуге кірістім. Алғашқыда қыз баланың нәзіктігін, бала көңілін, сұлулығын бейнелейтін жұмсақ әуен жаздым. Бұл әуен балет барысында бірнеше рет қайталанады. Бірақ әр қайталанған сайын Ақбаланың ішкі жан дүниесі мен басынан өтіп жатқан оқиғаларға байланысты лейтмотив те өзгере береді. Басында нәзік естілетін әуен спектакльдің соңына қарай біртіндеп драмалық сипатқа ие болады.
Жалпы, бұл заманауи қазақ балеті болғандықтан, музыка жағынан да, кейіпкерлердің мінезін ашу тұрғысынан да, қойылымның жалпы шешімі бойынша да көп іздендік. Еуропалық музыкалық аспаптардың үнін қазақ музыкасының интонацияларымен байланыстыруға тырыстық. Сонымен қатар қазақы ладтық-интонациялық ерекшеліктерді сақтай отырып, ұлттық әуен тудыруға ұмтылдым», - дейді автор.
Қойылымда «Қан мен тер» шығармасының негізгі тақырыптарының бірі — Арал қасіретіне де ерекше мән берілген. Теңіз бен дала бейнелері кейіпкерлердің тағдырымен астасып, тұтас бір дәуірдің драмасын көрсетеді.

«Ақбала» спектаклінің ерекшелігі — сахнада балет труппасымен қатар симфониялық оркестр, опера солистері мен хордың қатар өнер көрсетуі. Музыкалық сүйемелдеуге көне қазақ аспабы қылқобыздың үні де қосылған.
Қоюшы дирижер Нұржан Байбосынов бұл қойылымда салтанатты декорациялар болмайтынын, барлық оқиғаны музыка мен труппаның шебер ойыны жеткізетінін айтты.
«Әрине, мен орындаушы ретінде, ең алдымен дирижер ретінде композитормен өте тығыз жұмыс істедім. Шығармашылық үдеріс барысында менің де өз ұсыныстарым, өзгерткім келген тұстарым болды. Бұл — ортақ шығармашылық, бірлескен жұмыс. Осы мүмкіншілік үшін композиторға да алғысымды білдіремін.
Меніңше, осы бірлескен жұмыс бүгінгі нәтижеге, біздің жетістігімізге алып келді. Мен мұны үлкен жетістік деп санаймын. Себебі біз қазір көрерменге жаңа дүние — біздің театрда бұрын-соңды қойылмаған заманауи балетті ұсынып отырмыз.
Бұл мүлде жаңа қойылым. Сахнадағы декорациялар барынша минималистік шешіммен жасалған. Сондықтан спектакльдің негізгі салмағы мен жауапкершілігі әртістерге түседі. Ал олар сахнада өз кейіпкерлерін толық ашып көрсетуге мүмкіндік алды», - деді дирижер.
Басты партияларды Милана Рахимбекова (Ақбала), Архат Әширбек (Еламан) және Рүстем Иманғалиев (Тәңіберген) орындады.

Қойылым хореографы, Берлин мемлекеттік балетінің көркемдік жетекшісі Аршак Галумян балеттің идеясы, шығармашылық үдеріс және қазақ әдебиетінің ұлы туындысын заманауи хореография тілімен сахналаудың ерекшеліктері туралы айтып берді.
«Ақбала» — өте терең оқиға. Мұнда үш кейіпкер — Ақбала, Еламан және Тәңірберген бар. Олардың әрқайсысы өз халқын әртүрлі қырынан көрсетеді. Біз өткен кезеңдегі адамдардың бастан өткерген сезімдері мен күйзелістерін бүгінгі күн арқылы жеткіземіз. Маған бұл жұмыс өте қызық болды, өзімді шығармашылық үдерісте өте жайлы сезіндім», - дейді хореограф.
Премьераға мәдениет және өнер қайраткерлері, сахна ардагерлері, театр серіктестері мен меценаттар қатысты. Қойылым толық аншлагпен өтіп, көрермен тарапынан ұзақ қошеметке ие болды.
Қойылымның бас демеушісі — Тимур Құлибаевтың «HALYK» қайырымдылық қоры.
Театрдың интерактивті музейі жаңарды
Премьера алдында Абай атындағы театрдың жаңартылған интерактивті музейі де көрермендерге есігін ашты.
Музейде театрдың тарихы мен оның көрнекті тұлғалары туралы ақпарат заманауи интерактивті форматта ұсынылған. Келушілер театрдың шығармашылық мұрасымен танысып, оның қалыптасу кезеңдері туралы мәлімет ала алады.

Музей қорына Қазақстандағы театр-суретшілер мектебінің негізін қалаушылардың бірі Владимир Колоденконың балерина бейнеленген сирек картинасы да қосылды. Туындыны театр хор ұжымының амбассадоры Зауре Розмат пен оның анасы Разия Жанабаевна Есенбаева музейге сыйға тартқан.
Осылайша, Абай атындағы театрдың жаңа маусымы қазақ әдебиетінің классикалық туындысын балет өнері арқылы қайта пайымдаған «Ақбала» премьерасымен басталды. Қойылымда махаббат, ана мен бала, адам тағдыры, табиғат пен уақыт тақырыптары тоғысып, «Қан мен тер» оқиғасына сахнаның жаңа тілінде көзқарас ұсынылды.
