Ұлытау облысында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған үйлену кортежіне қатысты даулы оқиғадан кейін сот шешімі шықты. Құқық бұзушылық жасағандардың бірі – «Қазақстан студенттері альянсының» 24 жастағы жетекшісі әрі студенттік омбудсмен әкімшілік қамауға алынды, деп хабарлайды ult.kz.
Қаражал қалалық соты азаматты ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 10 тәулікке әкімшілік қамау жазасын тағайындады.
Ұлытау облыстық сотының мәліметінше, сот істің барлық мән-жайын қарастырып, 20 АЕК көлеміндегі айыппұл бұл жағдайда жеткіліксіз деген қорытындыға келген.
Оқиға әлеуметтік желілерде тараған үйлену кортежінің бейнежазбасынан кейін қоғам назарын аударған. Кадрларда бірнеше көліктің жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны байқалған.
Бейнежазбаны кортежге қатысушылардың бірі түсірген. Онда оның жол талғамайтын көліктің люгінен шығып, смартфон арқылы көліктердің қозғалысын түсіріп тұрғаны көрінеді. Кейін видео Instagram желісінде жарияланып, көпшілік арасында кең тараған.
Осы дерек бойынша Ұлытау облысының полиция департаменті тексеру жүргізді. Нәтижесінде заң бұзған жүргізушілерге қатысты шаралар қабылданып, бірнеше көлік айып тұрағына қойылды. Жалпы 22 әкімшілік хаттама толтырылып, бес жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды.
Сот барысында айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді.
Сот шешімімен оған ұсақ бұзақылық жасағаны үшін 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды.