Тойда уағыз айтып қамалған қарияның қызы Тоқаевтан көмек сұрады (ВИДЕО)

Тойда уағыз айтып қамалған қарияның қызы Тоқаевтан көмек сұрады (ВИДЕО)
Коллаж: ult.kz

Жетісайда той үстінде уағыз айтып, ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызуды талап еткен 66 жастағы қарияның қызы Президентке бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, әкесі радикалды көзқарастағы адам емес. Қыздың сөзінше, жабық отбасылық тойда түсірілген видеоны әнші Роза Әлқожа рұқсатсыз жариялаған.

Қарияның қызы әкесінің денсаулығы нашар екенін де айтты. Оның сөзінше, бұған дейін жол апатына түсіп, басына ота жасатқан. Сонымен қатар соңғы уақытта бірнеше жақынынан айырылып, бұл жағдай оның психологиялық жағдайына ауыр әсер еткен.

«Әкеме кешіріммен қарауды сұраймын», – деген ол Мемлекет басшысынан істің мән-жайын жан-жақты қарап, әділ шешім қабылдауды өтінді.

Еске салайық, тамыз айының басында Жетісайда тойда сөз сөйлеген 66 жастағы ер адам өнер адамдарына қатысты сын айтып, ерлер мен әйелдердің бөлек отыруын талап еткен. Кейін оған діни алауыздық қоздырды деген айып тағылып, қамауға алынғаны хабарланған.