Маңғыстау облысында көлік қозғалысы кезінде терезеден беліне дейін шығып алған блогер мен жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың әрекеті әлеуметтік желіде таралған видеодан кейін полицияның назарына іліккен, деп хабарлайды ult.kz.
Желіде жарияланған видеода бойжеткеннің қозғалыстағы автокөліктің терезесінен беліне дейін шығып тұрғаны көрінеді. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, ол – 2,3 миллион оқырманы бар TikTok блогері.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, тәртіп сақшылары жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған жүргізушілерді анықтаған.
«Жүргізушілердің жеке басы анықталды. Олар жолаушыларды тасымалдау кезінде жол қозғалысы ережелерінің талаптарын сақтамаған. Сонымен қатар маневр жасау алдында тиісті белгі бермеген және басқа көлік құралдарының қозғалысына кедергі келтіргені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп мәлімдеді полиция.
Тәртіп бұзуға қатысы бар көліктер арнайы айып тұрағына қойылды.