TikTok-та тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер айтқан Талдықорған қаласының тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, полицияның әлеуметтік желілерге жүргізген кезекті мониторингі барысында TikTok-тағы тікелей эфирде қоғамдық әдеп нормаларын бұзып, балағат сөздер айтқан азаматша анықталды. Оның Талдықорған қаласының 44 жастағы тұрғыны екені белгілі болды.
Тексеру барысында әйелдің бұған дейін де дәл осындай құқықбұзушылық үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталған. Соған қарамастан, ол заң талаптарын қайта бұзған.
Сот шешімімен құқық бұзушыға әкімшілік айыппұл салынды.
Полиция қоғамдық тәртіпті бұзатын әрекеттердің, оның ішінде әлеуметтік желілердегі заңға қайшы контенттің тұрақты бақылауда екенін еске салып, азаматтарды интернет кеңістігінде де заң талаптарын сақтауға шақырды.