Freedom Inside '26

TikTok-тағы 19 миллион қаралым: туризмді жарнамалау жаңа цифрлық алаңға шықты

TikTok-тағы 19 миллион қаралым: туризмді жарнамалау жаңа цифрлық алаңға шықты
blog.visitacostadelsol.com

Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов елдің туристік әлеуетін ілгерілету бағытындағы жұмыстарды баяндап, назарды дәстүрлі есептен гөрі цифрлық кеңістікке бұрды. Премьер-министр Олжас Бектеновке ұсынылған мәліметтің өзегі – Қазақстанның туризмін TikTok арқылы насихаттау нәтижелері болды, деп хабарлайды ult.kz.

Министрліктің айтуынша, соңғы уақытта іске қосылған жарнамалық науқандар TikTok пен Qunar платформаларында 19 миллионнан астам қаралым жинаған. Бір қарағанда бұл – тек цифрлық статистика. Алайда бүгінгі заманда бұл көрсеткіш елдің халықаралық имиджіне тікелей әсер ететін «валютаға» айналып отыр.

Қазақстанның табиғаты мен туристік әлеуетін әлемге таныту үшін енді ресми баяндамалардан бөлек, қысқа видеолар, трендтік контент пен алгоритмге бейімделген жарнама алдыңғы орынға шықты. Яғни туризм индустриясы дәстүрлі буклеттерден TikTok-тың жылдам айналатын лентасына толық көшіп барады.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері Үндістан, Қытай және Жапониядан келген 27 шетелдік БАҚ өкілі мен туроператорлар үшін ақпараттық турлар ұйымдастырылған. Бұл – Қазақстанды сыртқы нарықта танытуға бағытталған классикалық, бірақ әлі де маңызды құрал.

Министрлік алдағы кезеңде Қытай нарығында арнайы маркетингтік жобаларды іске асыруды және Оңтүстік Кореяның ірі онлайн туристік платформасы – Hana Tour-пен ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл қадамдар Қазақстанды Азия туристік картасында белсендірек көрсетуге бағытталған.

Дегенмен негізгі сұрақ ашық күйінде қалады: 19 миллион қаралым нақты турист ағынына қаншалықты айналады? Өйткені цифрлық әсер мен шынайы туристік ағым – бір-біріне тең ұғым емес.