TikTok-та ішімдік ішіп, балағат сөз айтқан әйел 5 тәулікке қамалды

TikTok-та ішімдік ішіп, балағат сөз айтқан әйел 5 тәулікке қамалды
webpromo.kz

Семейде 53 жастағы әйел TikTok-та тікелей эфирге шығып, ішімдік ішіп, былапыт сөздер айтқан. Эфирді шамамен 12 мың адам тамашалаған, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы Абай облысының полициясы хабарлады.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, Семейде әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг кезінде тәртіп сақшылары құқыққа қайшы мазмұндағы тікелей эфирді анықтаған. Эфир барысында әйел ішімдік ішіп отырғанын әдейі көрсетіп, балағат сөздер айтқан.

Жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде эфир авторының жеке басы анықталды. Ол Семей қаласының 53 жастағы тұрғыны болып шыққан.

Сот шешімімен азаматша ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентті анықтау және оның жолын кесу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.