Алматыда азаматтарға криптовалюта түрінде микрокредит ұсынып, қарыз рәсімдегендерге уәде етілген сомадан аз ақша аударған интернет-ресурсқа қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Alemcredit.com сайты арқылы жасалған алаяқтық дерегін тергеп жатыр.
ҚМА мәліметінше, ықтимал қарыз алушылар әлеуметтік желілердегі жарнамалар арқылы тартылған. Жарнамада қарызды тиімді шарттармен алуға болатыны айтылған.
Алайда қарыз рәсімдеу барысында азаматтардан жеке басын сәйкестендіру, дербес деректерін ұсыну және электрондық құжаттарға қол қою талап етілген. Рәсім аяқталғаннан кейін мәміленің нақты шарттары бастапқыда көрсетілген талаптардан айтарлықтай өзгеше болған.
ҚМА ресми өкілі Ернар Тайжанның айтуынша, азаматтарға уәде етілген сомадан әлдеқайда аз қаражат аударылып, оның бір бөлігі алдын ала ескертілмеген комиссиялар мен басқа да төлемдер ретінде ұсталған.
Сонымен қатар қарыз рәсімделмей тұрып оның толық құны, артық төлем мөлшері, сыйақы мен айыппұлдар туралы ақпарат толық берілмеген.
Ведомство мәліметінше, қаражатты қайтару үшін үшінші тұлғалардың, яғни дропперлердің банк карталары пайдаланылған.
Тергеу барысында интернет-ресурстың жұмысын қамтамасыз етуге және қарыз алушылармен байланыс орнатуға заңды тұлғалар, телекоммуникациялық ресурстар мен техникалық құралдардан тұратын тармақталған инфрақұрылым қолданылғаны анықталған.
Тінту кезінде жаппай SMS-хабарлама таратуға пайдаланылған SIM-бокстар мен көп мөлшерде SIM-карта тәркіленді.
Тергеу жалғасып жатыр. ҚМА Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес істің өзге мән-жайлары жария етілмейтінін хабарлады.
Бұған дейін алаяқтардың төрт күн ішінде 150 мың SMS таратып, азаматтардың ақшасы мен жеке деректерін иемденбек болғаны хабарланған.