Атырауда аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әлеуметтік желіде тараған видеода қыздың Toyota Camry көлігінің терезесінен денесін шығарып, файтермен сөйлесіп тұрғаны анық көрінеді, деп хабарлайды ult.kz.
Сондай-ақ кадрдан Қуат Хамитовтың Mustang көлігін қауіпсіздік белдігін тақпай басқарғаны байқалған. Видео 23 мамырда өтетін Batyr Fighting Championship турнирі алдында түсірілген. Бұл кеште қазақстандық файтер ирандық Али Хейбатиге қарсы жекпе-жек өткізеді.
Атырау облысының Полиция департаменті жол қозғалысы ережесін бұзған азаматтарға қатысты шара қабылданғанын мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, Toyota Camry көлігіндегі 24 және 22 жастағы жолаушылар қозғалыс кезінде қауіпсіздік белдігін тақпаған әрі көлік салонынан денесін шығарған. Осы құқық бұзушылықтарға жол берген 20 жастағы жүргізуші де жауапқа тартылған.
Ал Mustang тізгініндегі 38 жастағы Қуат Хамитов қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.