Катонқарағай ұлттық паркінде тауешкілердің тұтас бір үйірі фототұзаққа түсіп қалды. Кадрдан аталық, аналық және жас лақтарды бірге көруге болады, деп хабарлайды ult.kz.
Катонқарағай ұлттық паркінің аумағындағы фототұзақтар тағы да қызықты кадрларды тіркеді. Кадрлардан аталық, аналық тауешкілерді және өсіп келе жатқан лақтарды бірге көруге болады. Аталықтарын ірі әрі көлемді мүйіздерінен оңай ажыратуға болады, ал аналықтарының мүйіздері айтарлықтай кіші.
Төлдегеннен кейінгі тауешкілердің мінез-құлқы да қызық. Ересек аталықтар көбіне топтан бөлініп кетсе, жас аталықтар аналықтар мен лақтардың жанында жүре береді. Сондықтан кейде фототұзақ объективіне ересек жануарлар мен төлдері бірге жүрген осындай «отбасылық» кадрлар түсіп қалады.
Фототұзақтар жануарларды үркітпей, олардың табиғи тіршілігіне араласпай осындай сәттерді бақылауға мүмкіндік береді. Бұл кадрлар парктің жабайы жануарларын бақылап жүрген орманшы Жомарт Аманбаевтың еңбегінің арқасында түсірілді.