Алматы қаласының маңындағы тауда адасып қалған сегіз жасөспірімді Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары аман-есен төмен түсірді, деп хабарлайды Ult.kz.
Оқиға Бостандық ауданындағы Үлкен Алматы шыңының маңында, теңіз деңгейінен 3681 метр биіктікте болған. Құтқару жұмыстарына ТЖМ-нің «Барыс» республикалық жедел-құтқару жасағының қызметкерлері мен Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің Құтқару қызметі жұмылдырылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, сегіз жасөспірім тауға алдыңғы күні таңертең өздігінен көтерілген. Алайда бағыт бойында соқпақтан жаңылып, өз күштерімен төмен түсе алмаған. Бұл туралы хабар түскеннен кейін құтқарушылар олардың нақты орналасқан жерін анықтап, дереу іздестіру-құтқару жұмыстарына кіріскен.
Құтқарушылар жасөспірімдерді қауіпсіз бағытпен алып жүріп, «Алма-Арасан» экобекетіне дейін жеткізді. Олардың ешқайсысына медициналық көмек қажет болмаған.
ТЖМ азаматтарды тауға шығар алдында бағытты мұқият жоспарлауға, ауа райын ескеруге және қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.