Астанадағы Қаламгерлер аллеясында болған оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Журналист, қоғам белсендісі Дүйсенәлі Әлімақын өзінің Facebook парақшасында бойжеткендердің ескерткіш үстіне мініп отырған видеосын жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Оның жазуынша, оқиға кезінде ол аллеяда демалып отырған. Сол сәтте бірнеше қыздың тарихи тұлғалардың ескерткішіне шығып алғанын көріп, ескерту жасаған.
«Қаламгерлер аллеясында демалып отыр едім. Кенеттен мынадай келеңсіз іске куәгер болдым. Ашу қысып қасына жетіп барып “бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме?” десем, көздері адырайып, “Что, что” деуден ары аспады. Сөзіме дәлел ретінде олардың бұл топастығын видеоға түсіріп алдым. Еш ұялу, кешірім сұрау жоқ. Бұл басыну ма әлде надандық па?» – деп жазды ол.
Желі қолданушыларының бір бөлігі мұндай әрекетті мәдениетсіздік пен тарихи тұлғаларға құрметсіздік деп бағаласа, енді бірі жастардың тәрбиесі мен қоғамдық сана мәселесін көтерді.
Айта кетейік, Қаламгерлер аллеясы – қазақ әдебиеті мен руханиятына еңбек сіңірген қаламгерлерге арналған маңызды мәдени орындардың бірі.