Freedom Inside '26

Таразда түрмеге «тыңшы көзілдірік» өткізбек болған азамат қолға түсті

Таразда түрмеге «тыңшы көзілдірік» өткізбек болған азамат қолға түсті
Ұлттық Ұлан

Тараз қаласындағы №59 түзеу мекемесіне жасырын аудио және бейнежазба құрылғысымен жабдықталған көзілдірік алып кірмек болған азамат ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

"Ұлттық ұланың" хабарлауынша, 19 маусым күні сағат 13:10 шамасында алдын ала алынған жедел ақпарат негізінде мекеме қызметкерлері мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қысқа мерзімді кездесуге келген азаматтың жеке заттарын тексерген.

Тексеру барысында оның заттарының арасынан мекеме аумағына алып кіруге тыйым салынған техникалық құрылғы анықталды. Сырт көзге кәдімгі қара көзілдірікке ұқсайтын заттың жасырын аудио және бейнежазба жасау функцияларымен жабдықталғаны белгілі болды.

Қызметкерлер тексеру басталғанға дейін азаматқа тыйым салынған заттарды өз еркімен тапсыру қажеттігін түсіндіргенімен, ол бұл талапты орындамаған.

Аталған дерек бойынша материалдар тіркеліп, оқиға орнына жедел-тергеу тобы шақырылды. Жиналған құжаттар құқықтық баға беру үшін сотқа жолданды.