Таразда көлігінен 12 келіден астам марихуана табылған ер адам ұсталды

Таразда көлігінен 12 келіден астам марихуана табылған ер адам ұсталды
Фото: freepik

Таразда есірткінің заңсыз айналымына күдікті 56 жастағы ер адам ұсталды. Көлігін тінту кезінде оның сөмкесінен 12,3 келі кептірілген марихуана мен 264,58 грамм гашиш табылған, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, күдікті Байзақ ауданынан есірткі жинап, сақтаған. Ол өз көлігімен Жуалы ауданына бара жатқан кезде ұсталған.

Сонымен қатар оның тұрғылықты жеріндегі балконнан тағы 124,38 грамм гашиш тәркіленді.

Тергеу барысында ер адам кінәсін мойындаған. Оған аса ірі мөлшердегі есірткіні өткізу мақсатында заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.