Әлеуметтік желіде Тараз қаласында адвокаттың көлігіне оқ атылғаны туралы ақпарат тарады. Алайда полиция оқиға қарумен байланысты емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Адвокат Лола Врублевскаяның айтуынша, ол көлігіне жақындап келе жатқан сәтте оқ атылғандай дыбыс естіген. Айналада ешкім болмаған. Кейін көлігінің терезесінде тесік пайда болғанын байқап, бірден полицияға хабарлаған.
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тексеру барысында көліктің терезесі атыс қаруынан емес, рогаткадан атылған оқтың салдарынан зақымданғаны анықталған.
«Бөтеннің мүлкін бүлдіру фактісі бойынша полиция қызметкерлері екі құқық бұзушыны анықтап, әкімшілік жауапкершілікке тартты. Олар рогаткамен ойнап жүріп, абайсызда оқты көліктің терезесіне тигізген», – деп хабарлады ведомство.
Полиция азаматтарды әлеуметтік желіде таралған расталмаған ақпаратқа сенбеуге және тек ресми дереккөздерге сүйенуге шақырды.