Flamingo Air әуе компаниясының Cessna 402 ұшағы 10 шілдеде Багам аралдарындағы Нассаудан Солтүстік Андрос аралына қысқа рейс орындау кезінде апатқа ұшырады. Шамамен 20 минутқа жоспарланған әуе рейсі ұшақ қонуға аз уақыт қалғанда апатпен аяқталған, деп хабарлайды ult.kz The Voice басылымына сілтеме жасап.
Әуе компаниясы апат болғанын растады және тергеу органдарымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді.
Ұшақ апатынан ұшқыш Франклин Кембридж және тоғыз жолаушы қаза тапты. Қаза болғандардың арасында Куинтон Майерс, Матео Уиндер, Рашад Сторр, Джованни Маккензи, Трэвис Джонсон, Макаро Ролле және DJ Fresh (Мелвин Хенфилд) бар екені анықталды.
Ұшақтың борттық журналына сәйкес, қаза тапқандардың арасында The Pond Band музыкалық тобының бес мүшесі болған. Олардың қатарында топ жетекшісі Трэвис Джонсон мен клавишнигі Джованни Маккензи де бар. Кейін топ мүшесі Шаниси Миллер ұшақ бортында болмағанын және аман қалғанын хабарлады.
«The Pond Band үшін бұл тек біздің топқа ғана емес, бүкіл елге тиген ауыр соққы болды. Біз топтың негізі, жүрегі әрі жаны болған бес мүшемізден айырылдық. Қалпына келу жолы ұзақ әрі қиын болады. Сондықтан бізден сәл уақыт, кеңістік, қолдау мен дұға ғана сұрай аламыз», – деді ол.
Жергілікті биліктің мәліметінше, ұшақ қонуға аз уақыт қалғанда бұталы жерге құлаған. Апат орнынан жан-жаққа шашылған ұшақ бөлшектері мен өрттің іздері табылды.
Қайғылы оқиға Багам аралдарының тәуелсіздігінің 53 жылдығы атап өтілген күні болған. Премьер-министр Филип Брэйв Дэвис бұл күнді қаралы күн деп атады. Сондай-ақ ол зардап шеккендердің бірінің ауыр халде ауруханаға жеткізілгенін, алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмағанын хабарлады.
Әуе апатының нақты себебі әзірге белгісіз. Багам аралдарының Әуе апаттарын тергеу басқармасы тергеу жұмыстары бастапқы кезеңде екенін мәлімдеді.
«Тергеу жұмыстары бастапқы кезеңде. Қазіргі уақытта қолда бар кез келген ақпарат алдын ала мәлімет болып саналады және қосымша дәлелдер алынıp, талдануына қарай өзгеруі мүмкін», – делінген ведомство мәлімдемесінде.
Қайғылы оқиғадан кейін Багам аралдарының Энергетика, коммуналдық қызметтер және авиация министрлігі сақтық шарасы ретінде Flamingo Air әуе компаниясының әуе тасымалдаушысы ретіндегі сертификатының қолданылуын уақытша тоқтатты.
Сол күні әуе компаниясының ұшағына қатысты тағы бір оқиға тіркелді. Нассаудан Маягуанаға бағыт алған әуе кемесі ұшқыштың рейстің қауіпсіздігіне күмән келтіруіне байланысты ұшып шыққан әуежайға қайта оралған. Ұшақ қонғаннан кейін өртеніп кеткен, алайда ешкім зардап шеккен жоқ. Бұл оқиға бойынша да тергеу жүргізіліп жатыр.