Алматы облысының Талғар ауданында екі полиция қызметкері жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталды. Олар аквапарк басшысынан өздері мен туыстарына демалыс орнын тегін пайдалануды талап еткен, деп хабарлайды ult.kz.
«Время» газетінің мәліметінше, полицейлер мен олардың жақындары Aquasia Resort аквапаркінде тегін демалып, кәсіпкерге шамамен 500 мың теңге шығын келтірген. Кейін олар кіру билеттерін, мейрамхана қызметін және демалыс үйлерін ақысыз пайдалануды талап еткен.
Оқиға аквапаркте бір әйел жарақат алғаннан кейін басталған. Осы дерек бойынша қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетуге қатысты қылмыстық іс қозғалған. Алайда тамыз айының соңында іс қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылған.
Кейін істі жүргізген анықтаушы мен оның басшысы аквапарк директорынан түрлі қызметтерді тегін көрсетуді талап еткен. Кәсіпкер бұл туралы Алматы облысы ҰҚК департаментінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне хабарлаған.
Арнайы операция барысында екі полицей ұсталып, олардың қызметтік кабинеттерінде тінту жүргізілді. Кейін екеуі де қызметтен шығарылды.
Қазір оларға қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Тергеу алдын ала сөз байласқан адамдар тобының қорқытып пара талап етуі бабы бойынша жүргізілуде. Бұл бап бойынша 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.