Таиландтан екі чемодан есірткі алып келген қазақстандыққа сот үкімі шықты

Таиландтан екі чемодан есірткі алып келген қазақстандыққа сот үкімі шықты
Polisia.kz

Алматыда Таиландтан аса ірі көлемдегі есірткіні Қазақстанға заңсыз жеткізбек болған 22 жастағы Қазақстан азаматшасы 16 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ult.kz.

Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны аса ірі мөлшердегі есірткі заттарының контрабандасы және заңсыз айналымы бойынша кінәлі деп таныды.

Тергеу материалдарына сәйкес, бойжеткен ақшалай сыйақы үшін жалпы салмағы 8,8 келі каннабис сығындысы салынған екі чемоданды Таиландтан Қазақстанға жеткізуге келіскен. Алайда контрабандалық жүк Алматы халықаралық әуежайына келген сәтте-ақ тәркіленіп, күдікті ұсталды.

Прокуратура әлеуметтік желілерде таралатын «оңай табыс» пен тегін шетелге саяхат туралы ұсыныстардың көбіне халықаралық есірткі тасымалы схемаларының бір бөлігі екенін ескертті. Ведомство мұндай қылмыстарға кез келген деңгейде қатысу қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін елорда тұрғыны да есірткі контрабандасы үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.